26.12.2012
Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күнінде аймақтық даму аясындағы маңызды нысандар жұмысын бастады

Елбасының қатысуымен Индустрияландыру күнінде аймақтық даму аясындағы маңызды нысандар жұмысын бастады

ҚазАқпарат

25-желтоқсанда Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индустрияландыру картасы жобаларын таныстыру бойынша кезекті жалпыұлттық телекөпір барысында аймақтық даму аясында елді мекендердегі индустрияландыру тұрғысындағы 4 жобаны іске қосуға рұқсат берді.

«Бұл Қазақстан үшін жаңа нысандар. Мәселен, Жетісайдағы жобаға тоқталатын болсақ, бұған дейің мақтаның сабағы отқа жағылушы еді. Енді міне мақта сабағын тиімді пайдаланып, тақтай шығаруға мүмкіндік ашылды»,-деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар ауыл шаруашылығында жел арқылы электр энергиясын өндіру де елді мекендер үшін маңызды екенін атап өтті.

«Қазақстан үшін өте маңызды жабаларды іске қосып отырмыз. Менің тапсырмамды орындап, іс жүзінде нақты жобаларды жүзеге асырғандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Мемлекет әрқашан да бұл бағыттарда көмек көрсетуде», - деді Н. Назарбаев.

Сонымен, құрғақ әдіспен цемент өндіретін зауыт құрылысы іске қосылды. Бұл Шар қаласында қолға алынған құрылыс индустриясындағы маңызды жоба. Цемент өндіруге қажет клинкердің алғашқы легі осы жылдың қыркүйегінде алынды. Жоба құны 19 млрд. 500 млн.теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Сапалы құрылыс материалы еліміздегі цемент тапшылығын азайтады.

Бұдан бөлек, «Зенченко және компания» серіктестігіне қарасты жел энергетикалық қондырғысы бүгіннен бастап жұмыс істей бастады.  Жоба агрофирма кәсіпорындары мен ауылды электр қуатымен қамтамасыз етеді. Кешеннің құны 174 млн. теңге. Баламалы энергетикалық қондырғы жылына 8 млн кВт-тан астам электр қуатын өндіре алады.

Сонымен қатар, мақта сабағынан құрылыс-жиһаз  тақтайларын жасайтын зауыт та ресми түрде іске қосылды. Жетісайдағы кәсіпорын жылына 50 мың шаршы метр тақтай шығара алады. Жаңа өнім ағаш тақтайларымен салыстырғанда 30 пайызға жеңіл. Бағасы арзан. 450 млн. теңгеге бағаланған зауытта тұрақты 80 жұмыс орны ашылды. Дайын өнім толығымен (100%) отандық нарыққа бағытталған. Кәсіпорынды ашудағы басты мақсат - импорталмастыру, мақта шаруашылығын қалдықсыз өндіріске көшіру.

Мұнымен қоса, аумақтық даму аясында жоғары қысымды «Қордай-Шу» газ құбыры Шу қаласын толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз ететін жобасы да қамтылды . Құбыр жақын болашақта тағы 32 елді мекенге тартылады. Жаңа жоба Шуда ашылған «Тараз» химиялық паркіне де табиғи газ жеткізеді.