18.12.2012
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында домендік газдағы қазандық іске қосылды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында домендік газдағы қазандық іске қосылды

 

ҚазАқпарат

Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинатында бүгін домендік газбен жанатын қазандық өз жұмысын бастады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күнін мерекелеу қарсаңында «АрселорМиттал Теміртау» департаментінде домендік газбен жанатын қазандықтың салтанатты іске қосылуы өтті. Оған Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов пен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның бас директоры Виджай Махадеван қатысты. Домендік газды жою жобасы ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасына енген және 2015 жылға дейінгі металлургиялық комбинатты жаңғырту жоспарындағы басты жоба болып табылады», - делінеді хабарламада.

Жобаның құны 18,5 млн. АҚШ долларын құрады. Компанияда бұл жобаның енгізілуі энергияны сақтауға көмектеседі әрі экологиялық тиімділігі жоғары.

Компанияда атап өткендей, осыған ұқсас құрылғылар ТМД және Қазақстанның бірде бір кәсіпорнында жоқ екен. Осындай кешендер «АрселорМиттал»  тобының Бельгия және Голландиядағы зауыттарында ғана бар.