07.12.2012
Қазақмыс мыстың ірі кен орны – Ақтоғайды игеруге кірісті

Қазақмыс мыстың ірі кен орны – Ақтоғайды игеруге кірісті. Қазақмыс Тобының Директорлар Кеңесі техникалық-экономикалық негіздемесінің оңды қорытындысы бойынша Ақтоғай кен орнын игеру жобасын бекітті

2012 жылғы 7 желтоқсан

Жоба бойынша капиталдық шығындар шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайды. Қаржыландыру Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (ҚМДБ) ұсынған 1,5 млрд АҚШ доллары сомасындағы несиелік желі есебінен жүзеге асады. Металлдардың қазіргі бағамдарымен алғанда, жоба бәсекеге қабілетті операциялық шығындарымен ерекшеленеді және дүниежүзілік өндірушілердің екінші квартилінде тұрақтайды.

Бұл - Қазақмыс Тобының мыс өндіру жөніндегі Бозшакөлдей екінші ірі жобасы. Ақтоғай мен Бозшакөл игерілмеген ең ірі мыс кен орындарының санатына жатады және бұрынғы Кеңестік елдер аумағы үшін бірегей жобалар болып табылады.

Ақтоғай кен орнындағы құрылыс жұмыстары 2013 жылдың бірінші жартыжылдығында басталады. Ал кен орнындағы тотықты рудадан мыс өндіру жұмысы 2015 жылы басталмақ. Сульфидті кенді өңдеумен айналысатын фабриканың құрылысы 2016 жылдың басында аяқталады және алғашқы кен де сол жылы өңделе бастайды. Кенішті пайдаланудың барлық кезеңінде, яғни 50 жылдан астам уақыт бойы катодты теңгерімдегі мыстың жылдық орташа өндірісі 72 мың тонна болады. Алғашқы 10 жылда мыс өндірісі жылына орташа алғанда 104 мың тоннаны құрамақ.

Мыстың орташа құрамы 0.33 пайыз болған жағдайда кен орнындағы минералды ресурстар 1 719 млн. тоннаны құрайды.  Кен қойнауының үстіңгі қабаты үймелеп шаймалау технологиясы бойынша өңделіп отыратын тотықты кен түрінде шығарылады.  Сульфидті кенді өңдеу барысында қосарлы өнім ретінде молибденді кен өндіріледі.

Ақтоғай Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Қазақстан-Қытай шекарасынан шамамен 250 км жерде орналасқан ашық типтегі ірі кеніш болып табылады. Бұл жобаның артықшылықтары ретінде көлік коммуникациялары мен электр тарату желілерін қамтитын қолданыстағы инфрақұрылымды айтуға болады. Ақтоғай жобасының құрылыс жұмыстарына 3000-ға жуық  адам тартылмақ, ал жоба іске қосылғанда онда 1500 адам жұмыс істейді. Ақтоғайдың Бозшакөл жобасымен үлкен ұқсастығы бар, соның арқасында Бозшакөл жобасының жобалау-конструкторлық және инженерлік құжаттамаларын көшіру тәсілімен оның тиімділігін арттыру жоспарланып отыр.

Қазақмыс компаниясының басқарушы Бас директоры Олег Новачук өз сөзінде былай деді: “Мен Ақтоғай жобасының бекітілгендігі туралы қуана хабарлаймын. Бұл біздің  екінші ірі жобамызды игеру ісіне кірісуге мүмкіндік береді. Бозшакөл мен Ақтоғай бізді  200 мың тонна мөлшеріндегі қосымша шығыны аз өніммен қамтамасыз етеді. Кен өндіру жаңа буын карьерлерінде жүргізіледі. Бұл Қазақмыс компаниясын да, Қазақстанның тау-кен өндірісі саласын да жаңа сапалы деңгейге көтереді. Бұл екі жобаға құйылған инвестицияның жалпы мөлшері 4 млрд. АҚШ долларынан асады. Мұның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, еліміз бойынша тау-кен өнеркісібінің тұрақты өсімі  қамтамасыз етіледі. Сөз соңында Ақтоғай жобасын игеру кезеңіне дейін жеткізген әріптестеріме алыс айтқым келеді”.

Редакторларға арналған ескертпелер

Қазақмыс мыс, алтын, мырыш, күміс, электр энергиясын өндіруде елеулі активтері бар, табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу жөніндегі жетекші халықаралық компания болып табылады.

Қазақмыс Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші әрі 16 кенішке, 10 тау-кен фабрикаларына және екі мыс балқытушы өндірістік кешенге ие болып отырған әлемдегі алдыңғы қатардағы мыс өндіруші болып табылады. Тау-кен өндірісі руда өндіруден бастап мыс катанкасын және катодты мыс түріндегі дайын өнім шығаруға дейін толықтай интеграцияланған. 2011 жылы меншікті кеннен 299 мың тонна катодты мыс өндіріліп шығарылды. Бұл өндіріс электр энергиясының ішкі жеткізілімдерімен және ауқымды теміржол инфрақұрылымымен сүйемелденіп тұрады.

Kazakhmys Mining бөлімшесі басқа да металлдардың ауқымды көлемін, соның ішінде мырыш, күміс және алтын өндіріп отыр. 2011 жылы Қазақмыс 140 мың тонна мырыш концентратын өндіріп шығарды. Топ әлемде ең ірі деген он күміс өндірушінің бірі боп табылады.  (2011 жылы 13 млн. унция күміс өндірді).

Kazakhmys Power Қазақстандағы ең ірі электростанциялардың бірі болып табылатын Экібастұз ГРЭС-1 көмір электростанциясының  50%-дық үлесіне ие. Электростанцияда модернизациялау бағдарламасы қолға алынған және соның ішінде қазіргі уақытта өндірістік қуатын 3 000 МВт жеткізуге мүмкіндік беретін алтыншы энергоблок іске қосылайын деп жатыр. Жаңалау бағдарламасы аяқталған соң, ЭГРЭС-1 4 000 МВт. болатын өзінің жобалық қуатына жетеді. Kazakhmys Power бөлімшесінде Kazakhmys Mining бөлімшесін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыратын электр станциялары мен қосалқы көмір кеніштері бар.

Қазақмыс Тобы Лондон қор биржасында айналымға қабілетті FTSE-100 компаниялар тізіміне кіреді; сондай-ақ Гонконг қор биржасы мен Қазақстан қор биржасында (KASE) да саудаланып келеді. 2011 жылы Топтың ағымдағы қызметінің кірісі 3,6 млрд. долларды, ал операциялық кірісі 1,2 млрд. долларды құрады. Топта шамамен 60 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі - қазақстандық азаматтар. Қазақмыстың стратегиялық мақсаты – өндірістік активтерді оңтайландыру, өндірісті ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру және де Орталық Азиядағы ауқымды табиғи ресурстарды игеру мүмкіншіліктерін кеңейтуге қатысу.

Қытай Даму Банкі және Ақтоғай жобасы бойынша несиелік желі

«Қытай Даму Банкі» корпорациясы (“ҚДБ”) 1994 жылы ашылған. Ол толығымен мемлекетке тиесілі, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесіне тікелей бағынышты  коммерциялық банк. Банк басты кезекте ірі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырумен айналысады.

Ақтоғай жобасын қаржыландыру үшін несие желісін ашу жөніндегі келісімге 2011 жылдың желтоқсан айында қол қойылды. Несиелік желінің жалпы сомасы шамамен 1.5 млрд АҚШ долларын құрайды. Несиелік желі бойынша бөлінген қаражатты түбегейлі техникалық-экономикалық зерттеулер оң нәтижемен аяқталған жағдайда үш жыл ішінде алуға болады. Алғашқы қаржы алынған күннен бастап 3 жылдық жеңілдік кезеңі күшіне енеді. Одан кейін несиелік желіні өтеудің мерзімі аяқталғанға дейін, жылына екі мәрте төлеп отыру қарастырылған. Екі шарт бойынша да несиелік желіні өтеу мерзімі алғашқы қаржы алынған күннен бастап есептегенде 15 жылды құрайды. Пайыз мөлшерлемесі LIBOR (АҚШ доллары) ставкасына тәуелді.

Ақтоғай жобасын қаржыландыру жөніндегі 1.5 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі несиелік желі 2009 жылдың желтоқсан айында бөлінген, қазірде Бозшакөл жобасы мен бірқатар орта ауқымды жобаларды игеру ісінде пайдаланылып отырған 2.7 млрд АҚШ доллары сомасындағы заемға қосымша ұсынылды. Ақтоғай жобасын қаржыландыру жөніндегі несиелік желінің «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат Қоры арқылы ұйымдастырылған бұған дейінгі заемнан айырмашылығы - оның ҚДБ-мен тікелей екіжақты келісім түрінде жасалғандығы. Ақтоғай жобасын қаржыландыру үшін 2.7 млрд АҚШ доллары мөлшеріндегі несиелік желіге ұқсас кепілдендіру Қазақмыс ПЛС компаниясының кепілі түрінде болып отыр.