30.11.2012
Электролиз зауытының жұмысшылары Тұңғыш Президент күніне орай «Металлургтер – балалар үшін!» шарасын ұйымдастырды

Электролиз зауытының жұмысшылары Тұңғыш Президент күніне орай «Металлургтер – балалар үшін!» шарасын ұйымдастырды

BNews.kz

Қазақстан республикасының Тұңғыш Президент күнін Қазақстан электролиз зауытының жұмысшылары «Металлургтер – балалар үшін!» шарасымен атап өтті. Бұл туралы ENRC Қазақстан компаниялар тобының баспасөз қызметі хабарлады.

«Бірінші Президент күніне орай ҚЭЗ жұмысшылары «Металлургтер – балалар үшін» атты қайырымдылық шарасын өткізді. Зауыттың жұмысшылары біркүндік жалақыларын Тереңкөл ауылындағы балалар үйіне аударды», - делінген хабарламада.

Бұл қаражатқа балалар үйіндегі екі сауық бөлмелері толығымен жиһаздармен қамтамасыз етілді. Балаларды оқытуға арналған ойын алаңдары мен жаңа жиһаздар орнатылды, керекті теле-, видеоаппаратуралар және де үй құрал жабдықтары сатып алынды. Сонымен қатар, әрбір тәрбиеленушіге жылы киімдер сыйлыққа берілді.

«Металлургтер балалар үшін!» шарасын ұйымдастырушылар балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің өнерге қабілеттілігін және еңбекке икемділігін арттыру үшін еңбекке арналған құрал жабдықтарды тарту етті. Бұл – слесарлық және столярлық құралдар, бау-бақша құралдары, тігуге, тоқуға арналған жиынтықтар, сонымен қатар бірнеше электр тігін машиналары.

Павлодар облысындағы ең ескі Қашыр балалар үйі 1934 жылы салынған. Бүгінде бұл үйде 4 жастан 13 жас аралығындағы 72 бала тәрбиеленуде.

«Біздің балаларымызға бөлінген әрбір көңіл – олар үшін үлкен қуаныш. Қазақстан электролиз зауытының жұмысшылары балалар үйіндегі ең басты орнын жабдықтап, бардық жағдайларды қарастырып, біздің бүлдіршіндерімізге керемет сый-сияпат жасады. Бірақ ең бастысы олар біздің балаларымыздың бойына сенім ұялатты, олардың жалғыз емес екендігін және олардың тағдырығына аландайтын адамдар бар екендігіне көздерін жеткізді», – деді Қашыр балалар үйінің директоры Үміт Қабышева.

ҚЭЗ-да жетім балаларға, көмекке мұқтаж балаларға, жағдайы нашар тұрғындарға көмектесуді зауыт қызметкерлері әлдеқашан дәстүрге айналдырған. Өнеркәсіп «Бибі ана» кемтар әйелдер ұйымына, балалар оңалту орталықтарына көмек көрсетіп тұрады. Әр жыл сайын «Мектепке жол» шарасы бойынша нашар туратын отбасы балаларын оқуға керекті құрал жабдықтарын алу үшін сыйлық сертификаттарымен қамтамасыз етеді. Оған қоса жыл сайын ҚЭЗ кәсіподағы Кенжекөл мен Шақат ауылындағы балаларды жаңа жыл мерекесімен құттықтап тұрады.