05.11.2012
Қазатомөнеркәсіп пен Sumitomo Corporation сирек кездесетін металлдар шығаратын зауыт ашты

Қазатомөнеркәсіп пен Sumitomo Corporation сирек кездесетін металлдар шығаратын зауыт ашты

Қазақстан жаңалықтары АА

2012 жылдың 2 қарашасында Ақмола облысының Степногор қаласында сирек-жер металлдар концентратын шығаратын жаңа өндірістік кешеннің ашылу салтанаты өтті. Зауытты қазақстан-жапон «Summit Atom Rare Earth Company» (SARECO) бірлескен кәсіпорыны салды, деп хабарлайды «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК баспасөз қызметі.

«Степногор қаласындағы тәжірибелік-өнеркәсіптік сирек-жер металлдар өндірісін салуға шамамен 30 млн АҚШ доллары жұмсалды. Зауытты жарғылық капиталдағы үлеске сәйкес SARECO құрылтайшылары - «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ (51%) мен Sumitomo Corporation (49%) қаржыландырды», - делінген хабарламада.

Степногордағы зауыт шикізаттың сан-алуан түрін жылу және гидрометаллургиямен өңдейтін бірегей кешен болып табылады. Ол қазақстандық, жапондық және еуропалық ғалымдар мен инженерлер еңбегінің нәтижесінде жүзеге асырылды. Өндірістік кешен экологиялық стандарттардың барлық талаптарын ескере отырып жобаланған және салынған, ал мұнда пайдаланылатын технологиялар мен бақылау жүйелері қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қамтамасыз етеді. SARECO зауытында жылына 1500 тонна TREO (сирек-жер металлдар оксидінің жиынтығы) шығарылады деп жоспарлануда, 2015 жылы өндірістік қуаттылық 3000 тоннаға дейін жеткізілсе, 2017 жылы 5000-6000 тонналық көрсеткішке қол жеткізіледі деп күтілуде. Шығарылған өнімнің басым бөлігін ауыр топты деп аталатын сирек-жер металдары құрайды, олар қазір нарықта барынша тапшы және жоғары сұранысқа ие.

Атап өтілгендей, SARECO зауыты ең алдымен Жапония нарығын көздеп отыр.

Зауыттың ашылу рәсімінде «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Владимир Школьник: - «Жоба Ақмола облысының және ең бастысы Степногор қаласының индустриалды және инфрақұрылымды дамуына бағытталған, бұл өз алдына Қазақстан Республикасының Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының үрдістеріне жауап береді. Аталған зауыттың іске қосылуы түрлі салада маманданған 250-ге тарта отандық маманды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік ашады және аймақтың әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізеді» деп мәлімдеді.

Кәсіпорын бастапқы өнім саналатын сирек-жер металдар концентратын шығарумен шектеліп қалмайды. Егер өндірісті шикізаттың ұзақмерзімді көзімен қамсыздандыру мүмкін болса, 2015 жылға қарай Қазақстан аумағында бөлшекті өндіріс, тіпті сирек-жер металдар негізінде жасалатын магниттер өндірісі жолға қойылады.