19.10.2012
Қазақстан Қырғызстандағы алтын кен орнына 200 млн доллар бөлуге дайын

Қазақстан Қырғызстандағы алтын кен орнына 200 млн доллар бөлуге дайын

 

BNews.kz

Қазақстан Қырғызстандағы «Бозымшақ» алтын кен орнын игеруге 200 млн доллар бөлуге дайын. Бұл жөнінде Қырғыз Республикасының Үкімет отырысында экономика министрі Темір Сариев мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Қазақстандық бизнесмендердің ниеті туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бішкекке соңғы сапары барысында айтылды. Алайда жергілікті билік деңгейінде қиындықтар туындап отыр. Әдетте тұрғындар кәсіпорын нысандарының ғана емес, инфрақұрылым нысандарының, жолдардың және сол сияқты тағы басқа нысандардың құрылысына қарсы болады», - дейді Т.Сариев.

«Қазақмыс Голд» компаниясы «Бозымшақ» алтынды-мысты кен орнындағы кен байыту фабрикасының құрылысын 2012 жылдың соңына қарай немесе келесі жылдың басында аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта жұмыстың көп бөлігі аяқталды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың басында басталған болатын.

«Бозымшақ» кен орны Джалал-Абад облысының Ала-Бөкен ауданында орналасқан, онда алтын, мыс, күміс кендерінің қоры бар. 2008 жылы қазақстандық «Қазақмыс Голд» компаниясы аталмыш кен орнын 2027 жылға дейін игеру құқығына ие болған.

2010 жылы тараптар арасында Қытай даму банкі мен қазақстандық «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Қазақстан мен Қырғызстанның кен орындарында алтын қазу және өндіруге байланысты жобаларды іске асыруға 2,7 млрд доллар көлемінде қарыз беруі жөнінде келісім жасалды. «Бозымшақ» жобасын қаржыландыру 100 млн долларды құрайды.

Алғашқы кезеңде кен орнын игеру ашық тәсілмен жүргізілмек. Шахталық әдіске көшу 2014 жылы басталады. Болжам бойынша, кен орнын пайдаланудың 17 жылы ішінде шығарылатын кеннің жалпы көлемі 16 млн тоннаны құрайды.

Алдағы жоспарларға сай, кен байыту фабрикасы іске қосылған соң жылына 33 мың тонна концентрат өндіретін өндірістік қуатқа ие болады. Жылдық өндіру жоспарында коцентраттағы мыс 7 мың тоннаны және алтын 30 мыңға жуық троя унциясын (1 троя унциясы=шамамен 31,1 грамм) құрауы тиіс.