25.09.2012
Қарағандыда неміс компаниясының қатысуымен машина жасау зауытының қадасы қағылды

Қарағандыда неміс компаниясының қатысуымен машина жасау зауытының қадасы қағылды

ҚазАқпарат
22 қыркүйек күні Қарағандыдағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жаңа машина жасау зауыты салынатын орында алғашқы қадасын қағу салтанаты өтті.

Шараға «Böhmer GmbH» компаниясының иесі Томас Бемер, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров және «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігінің Европа бойынша аймақтық директоры Мархаббат Балғабай қатысты. Бұл туралы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Өз саласында әлемдік көшбасшылар қатарынан саналатын «Böhmer GmbH» неміс компаниясы мұнай және газ құбырлары, жылу және сумен жабдықтау, мұнай химиясы үшін шар тәріздес шүмектер өндірісін жасауға 5 млн. еуроға дейін инвестиция салуға дайын.   Инвестициялау туралы соңғы шешім Kaznex Invest агенттігі мен неміс инвесторлары арасындағы келіссөздер нәтижесінде қабылданған болатын. Kaznex Invest компанияға инвестициялау процессінде толықтай қолдау білдіреді. Атап айтқанда, ақпараттық-талдамалық қолдаулар, Қазақстанда кәсіпкерлікті ашу мен жүргізуге байланысты мәселелерді шешу, тиісті мемлекеттік органдармен кездесулер ұйымдастыру, өндірісті орнатуға тиімді алаңды таңдауға көмек беру, сондай-ақ, мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуіне атсалысу бойынша жәрдемдер көрсетіледі.

Ал Қарағандыдағы зауыт заманауи жоғары технологиялық кәсіпорын болады деп жоспарлануда. Онда 40-қа тарта жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті кадрлар алдымен Германияда оқытылып, сосын қызметке алынатын болады. Аталған жоба Қарағанды облысының әкімшілігінің жан-жақты қолдауымен жүзеге асырылуда. Болашақ зауыт өнімдері Қазақстан, Кедендік одақ елдері және де алыс шетелдерінің нарығына шығарылмақ. Өндірісті салу үшін «Böhmer GmbH» компаниясы 2011 жылы 23 қыркүйекте Қарағанды қаласындағы АЭА аумағында «Бемер Арматура» ЖШС компаниясын тіркеді.

«Bohmer GmbH» компаниясы - бұл 1956 жылы Германияда құрылған отбасылық кәсіпорын. Компания шығаратын шар тәріздес шүмектер Қытайдан бастап Оңтүстік Америкаға дейін әлемнің көптеген елдеріне жеткізіледі. Фирманың өндіріс көлемі - жылына 1 млн. шар тәріздес шүмекке дейін жетеді. Қытайдың Шанхай қаласында еншілес өндірістік кәсіпорны бар.