20.09.2012
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-да болды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-да болды

Kazakhstan Today

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Павлодар облысына жұмыс сапары барысында "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-да болды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Қазақстан Президенті электролиз зауытының базасында салынған жаңа анодты өндірісті аралап көрді. Кәсіпорынды аралау барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұжыммен әңгімелесті, сондай-ақ іске қосу-реттеу жұмысын бастап берді және анодты күйдіру жөніндегі кешенді іске қосты.

"Мен сіздерді заманауи анодты зауыттың ашылуымен құттықтаймын. Бұл - мүлде жаңа бірегей технология. Енді сіздерде тұрақты жұмыс және жақсы еңбекақы бар. "Қазақстан электролиз зауытының" жоспарында келешекте құю өндірісін кеңейту қарастырылған", - деді Мемлекет басшысы.

Зауыттың басшысы А.Ибрагимов Қазақстан Президентіне күйдірілген анод өндірісінің технологиялық үдерісі туралы айтып берді. Бұл жобаны іске асыру бастапқы алюминий өнімдерін өндіруде қазақстандық үлесті арттыруға бағытталғаны атап өтілді.

Кездесуді аяқтай келе, Нұрсұлтан Назарбаев еңбек ұжымына табыстар және алға қойған мақсатта жетістікке жетуді тіледі.

Анодты өндірісте заманауи жабдықтар орнатылған. Кешеннің жоғары экологиялығы жаңа технологияны қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Жобаның құны - 240 миллион доллар.

"Қазақстан электролиз зауыты" - қуаты жылына 250 мың тонна бастапқы алюминий өндіретін Қазақстандағы алғашқы зауыт және металлургиялық алюминий кластерінің негізгі элементі. 2008 жылғы тамыз айында қуаты жылына 125 мың тонна өнім шығаратын зауыттың алғашқы кезегі іске қосылды. Екінші кезегі 2010 жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында енгізілді.