03.09.2012
Жарты жыл ішінде Қазақстанда 52 млн тонна көмір өндірілген

Жарты жыл ішінде Қазақстанда 52 млн тонна көмір өндірілген

 

ҚазАқпарат

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындасы бойынша  Қазақстанның көмір өндіру компаниялары  52 млн тоннадан астам көмір өндірген, деп хабарлайды pm.kz сайты ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Көмір өндіруші компаниялар үстіміздегі жылдың 6 айы ішінде   52,5 млн тонна көмір өндірген, оның 36,2 млн тоннасы ішкі нарыққа жеткізілсе, 16 млн тоннасы экспортқа шығарылды», - делінген ведомство хабарламасында.

Ішкі нарыққа жеткізілген көмір көлемінің 28 млн тоннадан астамы энергия өндіруші кәсіпорындарға сатылған, бұл өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 2,5 млн тонна артық.

Индустрия министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанның жалпы геологиялық қоры 150 млрд тоннаны құрайды. Баланстық қор 33,6 млрд тоннаны, оның ішінде тас көмір - 21,3 млрд тоннаны, қоңыр көмір - 12,3 тоннаны құрайды.

Көмір өндірісі бүгінде Қазақстандағы электр энергиясының 74 пайыз өндіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, көмір өнеркәсібі саласына алдымыздағы онжылдықта салынатын инвестиция көлемі шамамен 614 млрд теңгені құрайды.