28.08.2012
ҮИИД бағдарламасы шеңберінде ауқымды жобалар салынуда

ҮИИД бағдарламасы шеңберінде ауқымды жобалар салынуда

Хабар

«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысында бірқатар ірі жобалардың құрылысы жүріп жатыр.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев осы өңірге ат басын бұрып, жұмыстың атқарылу барысымен танысты. «Бозшакөл» Кен Байтыту Комбинаты – әлемдегі ірі игерілмеген кен орындарының бірі. Оны игеру үшін шамамен 1500 қызметкерді тарту жоспарлануда.Бүгінде байыту фабрикасы мен инфрақұрылымы салына бастады. 2014 жылдың соңында комбинат іске қосылып, 2015 жылдың 3-ші тоқсанында жаңа кәсіпорын толық қуатында жұмыс істейтін болады. Министр облыста Жылу Электр Орталығының қуаттылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан жобамен және құрылысы басталған анод зауытының бүгінгі жай-күйімен де танысты. Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтың қатысуымен өңірлік үйлестіруші кеңестің отырысы өтіп, жиын барысында президенттік индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды.

Әсет Исекешев, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі:

-Біз бүгінде индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңіне көштік. Бұл ретте Елбасының бірқатар тапсырмалар жүктегенін атап өткен жөн. Павлодар облысына осы қойылған міндеттердің қаншалықты орындалып жатқанын көру үшін келдік.