11.10.2011
Ақтөбе облысында «Өнімділік-2020» аймақтық кеңесі өткізілді

Ақтөбе облысында «Өнімділік-2020» аймақтық кеңесі өткізілді

Ақтөбе облысында «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу жайы талқыланған аймақтық кеңес өткізілді. Оған облысқа жұмыс сапармен келген Премьер-министрдің орынбасары, индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов қатысты.

Әсет Исекешов бастаған топ аймақтың инвестициялық ахуалы және тау-кен саласындағы даму қарқынымен танысып, бірнеше өндірістік нысандардың жұмыс барысын көрді. Ақтөбеде индустриализация картасына енген 28 ірі жобаның 10-ы үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында іске қосылды. «Қазақстантрубопром» серіктестігіне қарасты бұрынғы Ақтөбе сельмаш зауытының аумағында жуырда металл өнімдерін шығаратын жаңа цех пайдалануға берілді. Бұл цехта қосымша тұрақты 10-нан астам жаңа жұмыс орны ашылып отыр.

Антон РАДЧЕНКО, ЦЕХ ШЕБЕРІ:
- Біз Германияда тәжірибеден өттік. Осы жаңа қондырғыда жұмыс жасау үшін. Өнім сапасы өте жоғары. Қондырғыны орнату, сынақ жұмыстары еш кедергісіз сәтті өтті.

Премьер-министрдің орынбасары қала шетінде жаңадан бой көтерген Ақжар-2 ауылы маңындағы электр станциясының жұмысын қарады. Бұл жоба толығымен 2012 жылы іске қосылады. Қазір құрылыс жұмыстарының дені аяқталған. Бұл подстанция Солтүстік өңірден және Ресейден келетін электр қуаты көздерінің Ақтөбе желілеріне таралуына жауапты маңызды байланыс орталығы болады. Ақтөбеде электр қуатына сұраныс жыл сайын артып отыр. Өндіріс орындары жедел қарқында бой көтеруде. Ақтөбе ферроқорытпа зауытында жаңадан 4-ші цех құрылысы басталды. Ол жоғары сапалы өнім алуға лайықталған. Мамандардың айтуынша, әлемде теңдесі жоқ инновациялық технология қолданылуда. Жылына 440 мың тонна өнім шығаруға қол жеткізіледі. Бұл жобаның құны - 750млн. АҚШ доллары көлемінде. Толық құрылыс аяқталғанда 550 жаңа жұмыс орны ашылады. Біз ең бастысы - жаңа балқыту пешін іске қосу арқылы өндірістегі қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қоршаған ортаны жақсартуда біраз жетістіккке қол жеткізетін боламыз, - дейді кәсіпорын жетекшілері.

Виктор ТИЛЬ, «КАЗХРОМ» ТНК АҚ ПРЕЗИДЕНТІ:
- Біз қуат үнемдеу мәселесін шешіп отырмыз. Өзіміздің материалдарды Қазақстанда қолдану арқылы электр қуатын үнемдейміз. Әрі өнімділікті арттыруда тиімді пайдаланамыз.

Ақтөбеде өткен алқалы жиында Қазақстанның Батыс аймағының төрт облысының кәсіпкерлері біраз түйткілді жайттарды ортаға салды. Мәселен, қолға алынар жобалардың қаржыландыру механизмдеріне қатысты кәсіпкерлер өтінішін Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары жеткізді.

Роза КЕМАЛОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Бағдарламаға сәйкес, Даму банкінің лизингісі бойынша сатып алынатын қондырғының бағасы 150 млн. тенге болып бекітілген. Мәселен, бір кәсіпкер 142 млн. теңгеге қондырғы алу керек. Енді, ол қатыса алмайды. Шектеулерді төмендету керек немесе алып тастау керек деген ұсыныстар бар.

Жиында айтылған мәселелер нақты қаралатын болды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов бірнеше маңызды инвестициялық жобалар өңірде қолға алынғанын айтты. Ақтөбеде жылына 500 мың тонна болат құймасын шығаратын металлургиялық зауыт пен күрделі минералды тыңайтқыштар өңдейтін химиякомбинаты, алтын, мыс рудаларының жаңа кеніштерімен машинақұрылысын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске қосуға бар мүмкіндіктер қарастырылып отыр.

Агентство Хабар