03.10.2011
Қазақстан Қырғызстанға газ бен көмір жеткізеді

Қазақстан Қырғызстанға газ бен көмір жеткізеді

Биыл қысты қырғыз көршілеріміз жылы үйлерде қарсы алатын болады. Қырғызстан үкіметі төрағасының міндетін атқарушы бірінші вице-премьер-министр Өмірбек Бабановтың айтуынша, елді жылумен қамтамасыз ету ең алдымен Қазақстан жеткізіп беретін көмір мен газдың арқасында жүзеге асады.

Екі ел үкіметтері арасында, премьер-министр Кәрім Мәсімовтің Қырғызстанға сапары барысында қол жеткізілген келісім-шартқа сәйкес, көрші республика енді Қазақстан газының мың текше метрін 195 доллардан сатып алмақ. Бұл қырғыз елінің қазіргі уақытта Өзбекстанға төлеп отырған бағасынан 110 долларға арзан. Сөйтіп, қырғыз елі енді көгілдір отынды тек уақытылы және үздіксіз алып тұрумен қатар, ел бюджетінің 26 миллион долларын үнемдейді де. Соның арқасында тұрғындар тұтынатын газ тарифы да 50 долларға төмендейді. Ал елді жылу және электр қуатымен қамтамасыз ету мәселесіне келсе, бұл да Қазақстан көмірін сатып алу туралы уағдаластық арқасында толық шешіліп отыр.

Өмірбек БАБАНОВ, ҚЫРҒЫЗСТАН ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
- Ең басты мәселе – біздің Бішкек қаласындағы жылу электр стансасына және республиканың мектептері мен аймақтарына көмір жеткізіп беру болып табылады. Бүгінгі таңда біз қазақтар жағымен отын тиелген вагондарды үзбей жеткізіп тұру туралы келістік. Сондай-ақ энергетиктер алдында шығындарды 19 жарым пайызға дейін қысқарту туралы міндеп қойылып отыр. Мені мұны күзгі-қысқы маусымды сақадай-сай қарсы алудың негізгі міндеттері санаймын.

Агентство Хабар