21.09.2011
Қазақстан мен Франция сирек кездесетiн жобалар бойынша ынтымақтасады

Қазақстан мен Франция сирек кездесетiн жобалар бойынша ынтымақтасады

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Францияға жұмыс сапары барысында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы, BRGM Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросы және «Мониторинг және стратегиялық консалтинг еуропалық компаниясы» (CEIS) арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы Келісімге қол қойылды, деп хабарлайды «Қазатомөнеркәсіп» баспасөз қызметі.

«Аталмыш келісім ұлттық атом компаниясының Қазақстанда ғылыми білім мен өнеркәсіптік дамуды кеңейтуге арналған саясаты шеңберіндегі бастамасы болып табылады. Стратегиялық серіктестік еліміздің табиғи ресурстарын игеруге бағытталған зерттеу жобаларын дамытудағы маңызды кезең болмақ», -делінген хабарламада. Қол қойылған құжатқа сәйкес Қазатомөнеркәсіп, BRGMжәне CEIS ынтымақтастығы алты бағытта жүзеге асырылатын болады: сирек және сирек-жер металдар (СМ және СЖМ) геологиясы мен металлогениясы, СМ және СЖМ-на (уранды қосқанда) талдау жасау, СМ және СЖМ өндіру технологиясын әзірлеу, талдау жүргізу әдістерін әзірлеу және сертификаттау, қызметкерлерді оқыту және дайындау, тау-кен жобалары мен қайта өңдеу үдерістері бойынша алдын ала техника-экономикалық негіздемені даярлау.

Баспасөз қызметінің дерегіне қарағанда, Қазатомөнеркәсіп пен Францияның жетекші ғылыми-зерттеу компанияларының бірлесе атқаратын жұмыстары СМ және СЖМ саласындағы білімді толықтырып, мақсатты әрекеттерді анықтауға, сонымен қатар Қазақстан мен Франция арасындағы технологиялар трансфертіне мүмкіндік береді.

«Қазақстан үшін СЖМ кен орындарын игеру және сол негіздегі өндіріс орындарын ашу еліміздің индустриалдық-инновациялық даму бағытындағы жаңа бағыт болып, ол өз кезегінде жоғары бөліске ие жоғары технологиялық өндірісті жасаудың және қарқынды дамып келе жатқан СЖМ рыногында өз орнымызды иеленудің жаңа мүмкіндіктерін ашады», - делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі атап өткендей, кездесу қорытындысы бойынша қабылданған біріккен декларацияда екі ел басшылары қос мемлекет арасында қалыптасқан серіктестіктің, соның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ жобаларының стратегиялық сипатын айрықша атап көрсетті. Нақты айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев пен Николя Саркози бірлескен жобаларды одан әрі дамыту жөніндегі Қазатомөнеркәсіп пен AREVA компаниясының ниеттерін құптап, фотовольтаика модульдерін шығару жобасы бойынша «Самырұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы және CEIS басшылығындағы француз консорциумы арасындағы келіссөздерде ілгерілеушілік барына қанағаттанатындықтарын білдірді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ – Қазақстанның уран және оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр стансаларына арналған ядролық отын, арнайы құрал-жабдықтар, технологиялар және екіұдай мақсаттағы материалдар экспортымен айналысатын ұлттық оператор. Компания қызметінің басты бағыттары геологиялық барлау, уран өндірісі, ядролық отын циклы өнімдерін өндіру, реактор жасау, АЭС құрылысы, конструкциялық материалдар өндірісі, энергетика, ғылыми зерттеу, әлеуметтік қамту және мамандар дайындау болып табылады. Бүгінгі таңда компанияда 23000-ден астам адам еңбек етеді. Қазатомөнеркәсіп әлемнің жетекші уран өндіруші компанияларының көшін бастап келеді.

BNews.kz